23 желтоқсан 2024
Осы мақаламен бөлісіңізҚазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы жаңадан сайланған академиктерді ғылыми қоғамдастыққа ресми таныстыруға арналған салтанатты іс-шарасын өткізді.
Іс-шара барысында Қазақстандағы ғылымның дамуына зор үлес қосқан Ұлттық ғылым академиясының жаңадан сайланған толық мүшелері, академиктер ресми түрде таныстырылды.
Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан Академия Президенті А.Күрішбаев биылғы жылдың отандық ғылым үшін маңыздылығына, көптеген оқиғаларға толы болғанына тоқталды:
«Мемлекет басшысы академия мүшелерін сайлау барынша ашық және әділ өтуі керектігін, оның процедуралары туралы қоғам хабардар болуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Осы талапты орындау мақсатында академия мүшелерін сайлаудың жаңа ережелері әзірленді, оған сәйкес іріктеу процедурасы 3 кезеңнен тұрады. Бұл белгіленген критерийлерге сәйкес келу, Ұлттық академия Президиумында өз бағдарламасын қорғау және академия мүшелерінің жалпы жиналысында дауыс беру арқылы сайлану кезеңдерінен тұрады. Сонымен қатар, академия мүшелері мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер яғни ғылыми-зерттеу қызметімен айналыспайтын тұлғалар бола алмайды. Бүгінгі таңда Ұлттық академия мүшелерін сайлаудың негізгі ережелері осындай, және біз оларды қатаң сақтаймыз. Бүгін біз сіздерге жаңадан сайланған академиктерді таныстырамыз. Олар – қазақстандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан қоғамға танымал ғалымдар».
Іс-шараның кульминациясы жаңадан сайланған академиктерге диплом тапсыру рәсімі болды, содан кейін академиктер сөз сөйледі.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы академиктерінің жалпы жиналысының шешімімен, NU ғалымдары да академик болып сайланды: «Өмір және денсаулық туралы» ғылымдар бөлімшесі («Медина және денсаулық сақтау» бағыты) Юрий Пя және «Жер, ғарыш және коммуникациялар туралы» ғылымдар бөлімшесі («Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар» бағыты Жұмабай Бакенов.
Қазіргі уақытта ҚР Ұлттық ғылым академиясы мүшелерінің тізімінде біздің университеттің бес ғалымы бар, атап айтқанда, тізімге Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің (SSH) профессоры, биохимия және молекулалық биология докторы Дос Сарбасов, NU вице-президенті, жоғары білім саласындағы PhD-доктор Дархан Біләлов және SSH профессоры, математика ғылымдарының докторы Сұраған Дөрбетхан кіреді.