19 маусым 2023
Осы мақаламен бөлісіңізПрезидент Катсудың мызғымас адалдығы, жаңашылдығы және Қазақстанға деген сүйіспеншілігі Назарбаев Университетінің жетістіктерінде өшпес із қалдырды.
Назарбаев Университетінде негізі қаланғаннан бастап 13 жыл бойына университетті шебер басқарған NU президенті Шигео Катсуға құрмет көрсету рәсімі өтті. Іс-шараның мәртебелі қонақтары Қазақстан Үкіметінің өкілдері мен университет қауымдастығының мүшелері болды. Олар Шигео Катсуға оның басшылығының арқасында әлемдік деңгейдегі жоғары білім беру мекемесіне айналып, өз миссиясын орындауда тамаша табыстарға қол жеткізген университеттің дамуына қосқан баға жетпес үлесі үшін шексіз ризашылықтары мен алғыстарын білдірді.

ҚР Премьер-Министрі және Назарбаев Университетінің Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Әлихан Смайылов Шигео Катсуға үкімет пен Қамқоршылық кеңесінің атынан алғысын жеткізді. Ол Президент Катсудың NU миссиясына қосқан жеке және таптырмас үлесін мойындап, университеттің трансформациялық ілгерілеуі Президент Катсудың жемісті және шабыттандыратын жұмысының арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
«Мың шақырымдық жол бір қадамнан басталады, - дейді шығыс даналығы. Біз сізбен бірге алғашқы қадамды жасағанымызды мақтан етеміз. Сіздің Қамқоршылық кеңестегі жұмысыңыз Қазақстандағы білім саласының дамуына әлі де ықпалын тигізеді», - деді Премьер-Министр Смайылов.

ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов президент әкімшілігі атынан алғысын білдіріп, құрмет көрсетті. Ол Президент Катсудың жаңашылдыққа, озық жетістіктерге және Қазақстан еліне деген сүйіспеншілігі NU-ды биік белестерге шығарғандығын атап өтті.
«Президент Катсудың қосқан үлесі тек білім берумен ғана шектелмейді, ол «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарын алға жылжытушылардың бірі болды. Оның мұрасы кейінгі ұрпаққа үлгі болады. Біз Катсу мырзаның әлі де Қазақстанның досы болып қала беретініне қуаныштымыз», - деп түйіндеді Тимур Сүлейменов.

Назарбаев Университетінің Провосты және президентінің міндетін атқарушысы Илесанми Адесида Президент Катсу туралы өзінің жеке ойымен бөлісті: «Катсу мырзамен жұмыс істеу мен үшін үлкен қуаныш болды. Мен Қазақстанға келгенге дейін АҚШ-та жұмыс істедім. Ешқашан суық жерге көшкім келмеді. Содан бері NU-да жұмыс істегеніме 7 жылға жуық уақыт өтіп кетіпті. Мұнда келу себептерімнің бірі Катсу Мырзаға деген ыстық ілтипатымның белгісі деп білемін. NU-ға дейін 150 жылдық университетте қызмет атқардым. Алайда осындағы 13 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктерге басқа жерде қол жеткізу мүмкін емес деп ойлаймын».
Доктор Адесида Шигео Катсудың дәйекті жұмыс, жанқиярлық және мұқияттылық арқылы өршіл идеяларды жүзеге асыра алу қабілетін жоғары бағалады. Сонымен қатар, провост Шигео Катсудың әйелі Кристиана Катсуға айнымас қолдауы үшін алғысын білдірді.
Өзінің қоштасу сөзінде Президент Катсу өзінің халықаралық дамудан университет президенті дейінгі жолы туралы ой қозғады. Ол халықаралық дамудың мәні адами әлеуетті дамыту мен тиімді институттарды құруда екенін, NU дәл осы мақсатты орындап жатқанын атап өтті. Президент Катсу жылдар бойы жастардың ортасында жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болғаны үшін алғысын білдірді. «Осы жылдар бойы мен жастардың арасында болу бақытына ие болдым. Күн сайын оянып, жаңа нәрсені үйрену менің жасымда нағыз сән-салтанат», - деп бөлісті Катсу мырза.
Шигео Катсу табысты оқу орнын құру үшін қажет үш негізгі элемент туралы айтты, олар: студенттер, оқытушылар және әкімшіліктің таланты, жеткілікті ресурстар мен тиімді басқару. Президент Катсу үкімет өкілдерін NU-ға қолдау көрсетіп, университеттің ашықтық, меритократия, академиялық және ғылыми адалдық сияқты негізгі құндылықтарын одан әрі ілгерілету жолында үлес қосуға шақырды. Катсу мырза осы қағидаттарды сақтап, осы құндылықтарға негізделген мәдениетті дамытуға ұмтылған NU-дың адал ұжымына алғысын білдірді.

Шигео Катсудың Назарбаев Университетіндегі президенттігінің аяқталуы жоғары білім мен Қазақстанның ұлттық дамудағы жетістіктерімен сипатталатын дәуірдің аяқталуын білдіреді. Оның көреген басшылығымен Назарбаев Университеті болашақ көшбасшыларды тәрбиелейтін таланттар фабрикасына айналды. Президент Катсудың мызғымас адалдығы, жаңашылдығы және Қазақстанға деген сүйіспеншілігі университет табысының қозғалтқышы болды. Катсу мырза эстафетаны келесі ұрпақ көшбасшыларына тапсыра отырып, Қамқоршылық кеңесінің мүшесі және президент міндетін атқарушының кеңесшісі ретінде, университеттің өсуіне қолдау көрсетуді жалғастырады.