16 шілде 2024
Осы мақаламен бөлісіңізЖарыс қорытындысы бойынша Әлем және Азия чемпионаттарына қатысатын ұлттық құрама жасақталады.
2024 жылғы 12-14 шілде аралығында NU Спорт кешенінің аумағында халықаралық каратэ турнирі кумите және ката бағдарламалары бойынша жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында өткізілді.
Ел намысын Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева, Азия ойындары және Азия чемпионатының женімпаздары мен жүлдегерлері Қайсар Алпысбай, Нұрқанат Ажиканов, Гүлмира Үсенова, Данияр Юлдашев, Абылай Толтай және Әсел Қанай қорғады.
Турнирге бес елден – Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан және Ресейден (бейтарап команда) - барлығы 700-ден астам спортшы қатысты. Жарыс қазақстандықтардың жеңісімен аяқталып, 2-орын Өзбекстанға, үшінші орын Қырғызстан құрамасына бұйырды.
Бұл турнир қазақстандық каратэшілер үшін рейтингтік турнир болып саналады, өйткені жарыс қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың тамыз айында Филиппинде өтетін Азия чемпионатына және осы жылдың қазан айында Аргентинада өтетін Әлем чемпионатына қатысатын ұлттық құрама құрылады. Сонымен қатар бұл турнир биылғы жылы жоспарланған жабық кешендегі Азия ойындары алдындағы басты жарыстардың бірі.
Жалпы, халықаралық турнирдің негізгі мақсаттары – салауатты өмір салтын насихаттау, Қазақстанда WKF спорттық каратэсін дамыту, каратэшілердің спорттық шеберлік деңгейін және жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру, спорт клубтары мен халықаралық федерациялар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту.