барлық жаңалықтар
29 қазан 2022 #Оқиғалар

Қымыз және алғашқы қар: АУА студенттері Қазақстаннан қандай әсер алды

Қымыз және алғашқы қар: АУА студенттері Қазақстаннан қандай әсер алды

29 қазан 2022

Осы мақаламен бөлісіңіз

Астанада Азия университеттері альянсының жастар форумы аяқталды.

Назарбаев Университетінде «Мета-Жібек жолын құру: нақты және виртуалды әлемде азиялық мәдениеттердің интеграциясы» тақырыбында Азия университеттері альянсының (AUA) Халықаралық жастар форумы аяқталды. 

24-28 қазан күндері Токио университеті, Чулалонгкорн университеті, Үнді технологиялық институты, Біріккен Араб Әмірліктерінің университеті, Гонконг ғылым және технология университеті, Сеул ұлттық университеті, Малая университетінен келген 40-қа жуық студент және Коломбо университетінің (онлайн) студенттері шеберлік сабақтары мен семинарларға қатысып, Бурабай шипажайына барып, елорданың көрікті жерлерін аралады.       
Жастар форумы бағдарламасы шеңберінде НУ-нің профессорлары шеберлік сабақтарын AI зерттеулері, AR/XR/VR, деректер ғылымы блокчейн, деректер талдауына, Жібек жолы мұрасын сақтау тақырыптарына арналған  сабақтарын өткізді.


«Қытайдан келген профессор деректердің құндылығын мұнаймен салыстырды. Ол финтех және бизнесті басқару үшін деректердің қаншалықты маңызды екенін және Қытай нарығында инфрақұрылым жоқ, бірақ АҚШ-қа қарағанда алдыңғы қатарлы деректер технологиялары бар екені туралы айтты», - деді оңтүстіккореялық студент Ким Кьюбин.

НУ Ассистент профессоры Паула Дюпюй мен оның студенттерінің қорытынды дәрісі Жібек жолы мұрасын сақтауға арналды. Қонақтар аңызға айналған маршруттың бағыты қалай өзгергенін және оның Азия, Еуропа мен Африканы байланыстыратын жолдар желісі екенін білді.
Жабылу күні AUA қатысушы университеттерінің студенттері ұлттық киімдерін киіп, өз мәдениетінің бір қырымен таныстырды. Өнерлерін көрсетіп,  Қазақстан туралы әңгімелеп берді.


Лим Флейм, Гонконг ғылым және технология университеті.

«Бәрінен де маған Астана қаласын аралау, студенттермен сөйлесу қатты әсер етті. Мен бір нәрсе туралы ойлаудың әртүрлі екенін және тарих біздің ойлауымызға әсер ететінін түсіндім. Жергілікті тұрғындар өте жауапты және менің ойымша, олар өз тарихын мақтан тұтады. Біздің елде мұндайды байқамас едіңіз. Гонконг индустриясы дамыған қала, мұнда қарқынды даму бар, бірақ сонымен бірге адамдар елдің мұрасын сақтауға тырысады. Тарих пен болашақтың өте жақын екені таң қалдырады».


Ким Кьюбин, Сеул ұлттық университеті.

«Бурабайда тілек айтуға болатын тас бар екен. Ол Кореяға ұқсас еді, бірақ бізде үлкен тас жоқ болғандықтан, мүсін сияқты нәрсе бар, сондықтан ол өте қызықты болды. Кеше Ұлттық музейде болып, Алтын адамды көрдім. Тарихта алтын сауыт үлкен және ауыр болғанымен, адамдар оларды киіп басқа тайпалармен  соғысқан екен. Ол кезде алтын байлықтың емес, әлеуметтік жағдайдың белгісі болыпты, бұл шынымен де қызық».


Танг Хой Ман, Гонконг ғылым және технология университеті.

«Біз Қазақстан туралы жаңалықтардан білеміз. Әрине, интернеттен кез келген ақпаратты да таба аламыз. Бірақ өз көзіңмен көрген басқаша . Бізді халықтың мәдениеті мен бауырмалдығы таң қалдырды. Маған қаланың сәулеті ұнады, өйткені ол өте заманауи, бәрі жақсы ойластырылған және жоспарланған. Кеше бізде екі интерактивті бизнес-дәріс өтті. Гонконг - халықаралық қаржы орталығы және үкімет әртүрлі технологиялар мен нарыққа көбірек инвестиция салу арқылы оны өзгертуге тырысады. Әртүрлі елдердің бір жағдайға қалай қарайтынын білу қызықты болды. Ақпараттың көптігіне қарамастан, мен де технологияларды үйренуге қызығушылық таныттым, зерттеулер мен даму деңгейіне тәнті болдым. Бұл өте пайдалы тәжірибе болды».


Сатаке Эри, Токио университеті.

«Мен өте жақсы уақыт өткіздім. Менің ойымша, бұл үш себеп бойынша менің өмірімдегі ең жақсы уақыт. Біріншіден, мен Жапониядан алыстамын, Қазақстанда жақсы адамдар көп. Бізді НУ-де жылы қарсы алғанына, қонақүйде тұрудың тамашалығына және сабақтары өте мазмұнды болғанына таң қалдым. Екіншіден, пандемиядан кейін бізге бір жерге жиналу өте қиын болды, сондықтан маған Азияның түкпір-түкпірінен келген студенттермен бір жерде – Қазақстанда кездесуге мүмкіндік берген адамдарға өте ризамын. Үшіншіден, мен осы жерден жаңа достар таптым».


Чомча Мария Тимпика, Чулалонгкорн университеті.

«Форум маған Қазақстан туралы көбірек білуге көмектесті, өйткені мен бұрын ол туралы ештеңе білмедім. Университет ел туралы айтып берді, мәдениетіне қанықтырды: біз қазақ тағамдарынан дәм таттық, қазақтың музыка өнерін тамашаладық. Жергілікті тағамдар Тайландтағы тамақтан бөлек, бірақ адамдар маған қазаққа ұқсайтынымды айтты, сондықтан бізде азиялықтарға тән ортақ нәрсе бар және біз бір-бірімізбен шынымен жақсы тіл табысамыз.


Дәрмен Ілияс, Назарбаев Университеті.

«Мен адамдармен сөйлескенді ұнатамын. Әсіресе әлемнің түкпір-түкпірінен осындай қызықты адамдармен әңгіме-дүкен құрған ұнайды. Бұл кез келген студентке, тіпті еріктіге де, кем дегенде, мотивация береді. Мен мұндай форумның жыл сайын өткізіліп тұрғанын қалаймын және студенттер мәдени алмасудың маңыздылығын түсінеді. Шетелде достарыңыз бар екенін білу өте керемет, мен бұған  өте қуаныштымын».

Саид Рашид Абаид Ибрагим Дхлеа Альзааби, Біріккен Араб Әмірліктерінің университеті.

«НУ жақсы орта, өйткені ол өте алуан түрлі, көп мәдениетті және мұнда үйренуге болатын нәрсе көп. Халқы өте мейірімді. Әркім өз ойларымен бөлісіп, олар үшін маңызды нәрсе туралы айта алады. Бізде көптеген айырмашылықтар бар, бірақ маған қоғамдастық сезімі ұнайды. Маған Бурабайға саяхат ұнады, әсіресе қарды көру өте жақсы болды, өйткені мен тұратын жерде қар көп емес».


Кхьяти Прийа, Үндістан технологиялық институтыны.

«Әртүрлі мәдениеттегі адамдармен араласып, олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтарын көру керемет болды. Мен бұл сапарға таңдалғаным үшін өте бақыттымын. Мен Қазақстанда ешқашан болған емеспін. Маған лекциялар мен қалаға саяхат ұнады. Бурабайға сапар да ғажап болды. Бұл өте әдемі жер. Мен өмірімде бірінші рет қар жауғанын көрдім».

Жастар форумы АУА-ның жыл сайынғы флагмандық алаңы болып табылады. Онда заманауи мәселелердің кең ауқымы бойынша пікір алмасылады. Жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады әрі мәдени және академиялық алмасу жүзеге асырылады.

Назарбаев Университеті Азия университеттері альянсындағы Орталық Азия өңіріндегі тұңғыш әрі әзірге жалғыз өкілі болып табылады. Альянс құрамына Азиядағы 15 университет кіреді.

AUA мүшелері: Чулалонгкорн университеті, Гонконг ғылым және технология университеті, Үндістан технологиялық институты, Сауд Арабиясы Король университеті, Сингапур ұлттық университеті, Назарбаев университеті, Пекин университеті, Сеул ұлттық университеті Университет, Цинхуа университеті, Біріккен Араб Әмірліктері университеті, Индонезия университеті, Коломбо университеті, Малая университеті, Токио университеті, Янгон университеті.

Назарбаев Университеті AUA студенттеріне ақ жол, жеңістер мен оқуда сәттілік тілей отырып, Қазақстандағы достарын ұмытпауларын тілейді.

Ұқсас жаңалықтар