барлық жаңалықтар
15 қазан 2025 #Оқиғалар

NU мен HPE серіктестігі: суперкомпьютерлер, жасанды интеллект және цифрлық егемендік

NU мен HPE серіктестігі: суперкомпьютерлер, жасанды интеллект және цифрлық егемендік

15 қазан 2025

Осы мақаламен бөлісіңіз

NU мен HPE серіктестігі: суперкомпьютерлер, жасанды интеллект және цифрлық егемендік

Серіктестікті кеңейту мүмкіндіктерін NU-дың атқарушы вице-президенті Аслан Сәринжіпов пен Hewlett Packard Enterprise (HPE) компаниясының вице-президенті және аймақтық басқарушы директоры Йоханнес Кох талқылады.

Nazarbayev University (NU) 2018 жылдан бастап өзінің есептеу қуатын кеңейтіп, жүйелерін тұрақты түрде жаңартып келеді. Биыл университет HPE компаниясынан алынған жаңа буындағы суперкомпьютерді іске қосты. Жаңа жүйе Irgetas деп аталды, бұл қазақ тілінен аударғанда «іргетас» дегенді білдіреді. Оның өнімділігі бұрынғы жүйелерден қырық есе жоғары.

Суперкомпьютерлік инфрақұрылымды жаңғырту - NU үшін стратегиялық басымдықтардың бірі. Бұл бағыт цифрлық егемендікті нығайтып қана қоймай, университет базасында жүзеге асырылатын жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеу технологияларына сүйенетін ғылыми-зерттеу жобаларының дамуына да серпін береді.

«HPE-пен серіктестік NU-дың есептеу инфрақұрылымы мен ғылыми жобаларын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады, – деді NU атқарушы вице-президенті Аслан Сәринжіпов. – Университет суперкомпьютерлерді іске қосу мен тиімді пайдалануға қажетті әлеуетке және мамандар командасына ие – инженерлер мен жасанды интеллект саласының мамандарынан бастап, физиктерге, математиктерге және басқа да STEM бағытындағы зерттеушілерге дейін. NU-дың пәнаралық көзқарасы мен зерттеу экожүйесі бұл технологияларды пайдаланумен қатар, цифрлық егемендік пен инновацияларды дамытуға бағытталған өз шешімдерімізді жасауға мүмкіндік береді».

HPE-пен серіктестік NU-дың стратегиялық бағытына сай келеді. Университет технологиялық және зерттеу құзыреттерін дамыта отырып, жаңа буын мамандарын даярлауға және Қазақстанда да, одан тыс жерлерде де сұранысқа ие инновациялық шешімдер жасауға ұмтылады.

Суперкомпьютерлік инфрақұрылымды жаңғырту - NU-дың стратегиялық міндеттерінің бірі. Ол Қазақстанның цифрлық егемендігін нығайтуға, сондай-ақ жасанды интеллект, инженерия, модельдеу және үлкен деректерді талдау салаларындағы зерттеу жобаларының дамуына бағытталған. Жаңа есептеу қуаты кең ауқымды ғылыми бағыттарды қамтитын зерттеулер үшін берік негіз қалыптастырады.

Кездесу аясында Йоханнес Кох цифрлық егемендік тақырыбында қонақ дәріс оқыды. Ол дәрісінде Еуропаның цифрлық егемендікке қатысты ұстанымын айқындайтын үш негізгі аспектіні атап өтті.

Біріншісі - геосаяси: негізгі цифрлық қызметтерге қолжетімділіктің шектелуі сыртқы бұлтты және ІТ инфрақұрылымдарына тәуелді көптеген компанияларға әсер етуі мүмкін. Екіншісі - экономикалық: өңірден тыс жерлерде әзірлемелердің, ресурстардың және зерттеу қорларының шоғырлануы жергілікті мүмкіндіктерді шектейді. Үшіншісі - мәдени: жасанды интеллект үлгілері көбінесе Орталық Азияның ерекшеліктерін көрсетпейтін деректер негізінде оқытылған, бұл біржақтылық пен бұрмаланулар қаупін туғызады.

Йоханнес Кохтың пікірінше, Қазақстанның өз цифрлық экожүйесін дамытуға бірегей мүмкіндігі бар. Елдің Шығыс пен Батыс арасындағы стратегиялық орналасуы түрлі дереккөздерден білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Ең бастысы — өз деректеріне иелік ету және оларды қорғау, бұл инновациялар мен тұрақты дамудың негізгі шарты болып табылады.

 

 

Спикер туралы:
Йоханнес Кох – Hewlett Packard Enterprise (HPE) компаниясының вице-президенті және басқарушы директоры. Ақпараттық технологиялар саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар. HPE-де ол Орталық Еуропа мен Орталық Азиядағы операцияларды басқарады, бұлтты есептеу, корпоративтік ІТ және цифрлық трансформация бағыттарындағы бастамаларды үйлестіреді.

Hewlett Packard Enterprise (HPE) – 2015 жылы Hewlett-Packard Company компаниясының бөлінуінен кейін құрылған жаһандық технологиялық компания. HPE корпоративтік ІТ шешімдерге маманданған: серверлер, сақтау жүйелері, желілер, бұлттық қызметтер және қаржылық шешімдер.

 

 

Ұқсас жаңалықтар