25 маусым 2025
Осы мақаламен бөлісіңізАбайтану мен азаматтық жауапкершілік: халықаралық ғылыми диалогы
ҚР Ұлттық кітапханасында «АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ...» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын қазіргі заманның гуманитарлық және көшбасшылық контексінде қайта зерделеуге арналды.
NU Ұлттық мәдениет орталығының басшысы, абайтанушы, профессор Гүлтас Құрманбай дөңгелек үстелдің негізгі спикерлерінің бірі болды. Ол «Абай ұлағаты: Азаматтық жауапкершілік және көшбасшылық қабілет» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, Абай ілімінің қазіргі замандағы көшбасшылық мәдениетін қалыптастырудағы орнын терең талдады.
Профессор Құрманбай өз сөзінде ұлттық ойлаудың рухани тамырларын аша отырып, жас ұрпақ бойында азаматтық жауапкершілік пен гуманизм қағидаларын қалыптастыруда Абай мұрасының рөліне ерекше назар аударды. Баяндамашының идеялары ғылыми орта мен қоғам өкілдерінің қызығушылығын туғызып, кеңінен қолдау тапты.
Дөңгелек үстел барысында Ш.Шаяхметов атындағы “Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жанындағы Абай институтының халықаралық жобалары аясында қазақ тілін шет тілі ретінде үйретуге арналған бірегей алаңға айналды. Абай институтының оффлайн курстары негізінде әзірленген әмбебап оқу құралдарының авторларының қатарында NU оқытушылары да бар. Олар қазақ тілін заманауи әдістемемен, халықаралық стандарттарға сай үйретуге елеулі үлес қосты.
NU ғалымдарының осындай халықаралық диалог алаңдарындағы белсенділігі – университеттің академиялық көшбасшылықтағы, ұлттық мұраны халықаралық деңгейде дәріптеудегі айқын көрсеткіші.