24 маусым 2024
Осы мақаламен бөлісіңізУниверситеттің бұрынғы студенттері өздерінің жетістіктерімен бөлісті.
NU-да орналастырылған цифрлық киіз үй шаңырағының астында әртүрлі жылдары бітірген түлектер бас қосты. Биыл әлемдегі үздік университеттердің 30%-ы қатарына кіретін NU оныншы бітірушілер легіне диплом табыстады. Бұрынғы студенттер өздерінің әлеуметтік маңызы бар әрі еліміздің экономикасының дамуына үлес қосып жатқан жобалары туралы айтып берді.
Кездесуді ашқан NU президентінің м.а. Илесанми Адесида NU түлектерінің ерекшеліктеріне тоқталды: «Жұмыс берушілерден біздің түлектер мен басқа оқу орындары түлектері арасында қандай айырмашылық бар деп сұраған кезде NU түлектері мәселе туғызбайды, олар, керісінше, бар мәселелерді шешуге бейім деген жауап аламыз».
Университетте студенттерді көшбасшылыққа баулу кезінде Абайдың «Толық адам» пәлсапасы негізге алынады. Ол патриот жастарды тәрбиелеуге бағытталған. Сол себепті кездесу цифрлық киіз үйде өтіп отыр, ол NU-дың инновациялар мен мәдени мұра сынды құндылықтарын білдіреді.
Студенттер ісі мен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президент Қадиша Дайырова басынан бері басшылықтың бір үлкен миссиясы болғанын айтты, ол – Қазақстанда арманнан туған мінсіз университет құру. Оны XXI ғасыр адамдары – толық адам жұмыс істеп, білім алатын халықаралық ғылыми бағдарланған университетке айналдыру.
«Сіздер бүгінде әлемнің үздік университеттерінің 30%-ы қатарына кіретін NU-ды аяқтандарыңызды мақтанышпен түйіндемелеріңізде белгілей аласыздар. Бұл бір күнде болған жоқ, бұл мақсатта студенттер, профессор-оқытушылар құрамы, университет әкімшілігі және басқа да қатысы бар адамдардан тұратын үлкен команда еңбек етті. Біз әрқашан екі қағиданы ұстанып келеміз: меритократия және стретегиялық әріптестермен ынтымақтастық», — деді Қадиша Дайырова.
Сонымен қатар ол бір қызық оқиғамен бөлісті. 2009 жылы Гарвардқа әлі қабырғасы көтерілмеген университетпен серіктес болуға ұсыныс жасаған екен. Әлемдегі ең мықты университеттің сол кездегі халықаралық істер жөніндегі вице-провосты Хорхе Домингес Орталық Азиядағы NU-дың болашағы туралы футуристік әңгімені тыңдап болып, осы ұсыныспен кейін оралуын сұраған. Ал биыл Гарвард университетінің делегациясы Қазақстанға өздері NU-ға серіктестік туралы ұсыныс жасау үшін келіп отыр.
Университетте патриот жастарды тәрбиелеу мақсатында құрылған Ұлттық мәдениет орталығының директоры Гүлтас Құрманбай «Толық адам» тұжырымдамасының іске асырылуы туралы толығырақ айтып өтті: «Мемлекет басшысы «Толық адам» тұжырымдамасы мемлекеттік басқару жүйесі, білім беру саласынан бастап, бизнес пен отбасы институтына дейін өміріміздің барлық саласының негізіне айналуы тиіс. Ақылы мен жүрегін тазалықта ұстайтын шын мәніндегі «Толық адам» жақсы инженер де, жақсы дәрігер де, жақсы президент те бола алады».

NU-дың 2017 жылғы түлегі Дәукен Сейітқали альма-матерді аяқтағаннан кейінгі жетістіктері туралы айтып берді. Arlan Biotech компаниясының негізін қалаушылардың бірі биыл Forbes Kazakhstan «30 under 30» жас көшбасшылар тізіміне кірді. Ол адамдар мен жануарлар ауруларын диагностикалау үшін синтетикалық наноденелерге негізделген өнімдерді әзірлеумен айналысады. Сондай-ақ оның жұмысы белгілі бір ақуыз антигендеріне қарсы бағытталған наноденелерді жасау үшін жасанды интеллектті пайдалануды қамтиды, ол өз кезегінде дәрі-дәрмектерді, соның ішінде онкологиялық ауруларға қарсы препараттарды әзірлеуде қолданылуы мүмкін.
«Қазақстан технологиялар саласында ауыз толтырып айтатын жетістіктерге жете алмайды дегенді көп еститінмін. Барлық даму шетелде болып жатқандай көрінетін. Менің осы нарративті өзгерткім келді. Өз жолымды бастаған сәтте біздің елімізде жасанды интеллектке қызығатындар қатары аз екенін байқадым. Алайда менің ғылыми жұмысым Жапонияда үздік деп танылды. Осы сәтте керекті дәрежеде еңбек етсек, біз де көптеген жетістікке жете алатынымызды сезіндім. Бұл, бірінші кезекте, менің университетім NU-дың арқасында, ол маған зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ғылыми мақалалар жазуды үйретті», — дейді Дәукен. 2024 жылғы көктемде Arlan Biotech әлемдік деңгейдегі StartX акселераторына қабылданды.

NU Alumni Association қауымдастығының атқарушы директоры Ырымгүл Ыбрайымова университетті 2020 жылы саясат және халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бітірген. Ол университеттің елеулі мүмкіндіктер мен адал достар бергенін айтты: «Әлем менің аяқ астымда жатқандай көрінетін. Бізге берілген білім сапасы өте жоғары болды. Осындай ортада өсіп-өнгенімды мақтан етемін. Басқа түлектерді көріп, көзайым болып отырмын, олардың жетістіктеріне қуанып, жобалары туралы естіп-біліп жатырмын. Бұл, өз кезегінде, саған да мотивация береді екен. Одан да жақсы дүниелер жасап, одан да мықты жетістіктерге жетуге болады. Ең бастысы – бір-бірімізге қолдау көрсету деп білемін».
Түлектеррен осындай бас қосулар дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырады, олар түлектердің университет өміріне интеграциясы мен олармен ынтымақтастық орнатуға бағытталған.