барлық жаңалықтар
2 маусым 2025

Йоруба халқының рухани көсемі нигериялық жас жұбайларға ақ батасын берді

Йоруба халқының рухани көсемі нигериялық жас жұбайларға ақ батасын берді

2 маусым 2025

Осы мақаламен бөлісіңіз

Йоруба халқының рухани көсемі нигериялық жас жұбайларға ақ батасын берді

Ифе королі Адеейе Энитан Огунвуси - Нигериядағы ең құрметті дәстүрлі көшбасшылардың бірі және йоруба халқының рухани көсемі - Қазақстанға сапары және Астана халықаралық форумына қатысуы аясында Nazarbayev University жанына келді. Қонақ сенбі күні университет қабырғасында неке қидырған нигериялық жұпты құттықтады.

Ифе королін университет президенті, профессор Вакар Ахмад және Студенттік істер және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-президент Қадиша Даирова қарсы алды. Сапар барысында мейман университеттің білім беру моделімен, зерттеу инфрақұрылымымен және халықаралық академиялық ынтымақтастық мүмкіндіктерімен танысты.

Аудитория алдында сөйлеген сөзінде құрметті қонақ студенттерге елін лайықты танытып жүргендері үшін алғысын білдіріп, жас жұбайларға ізгі тілегін жеткізді:

«Нигерияны абыроймен таныстырып жүргендеріңіз және осында оқуға алыстан келгендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Осы демалыс күндері үйленген нигериялық жас жұпқа да ақ батамды бергім келеді. Оларға махаббат пен жүрекжарды тілектерімді жолдаймын», - деді ол.

Бүгінде NU жанында 50-ге жуық нигериялық студент білім алуда, олардың қатарында 16 докторант және 2 оқытушы бар. Олардың көпшілігі мейманмен кездесуге қатысты. Сондай-ақ шараға Қазақстандағы нигериялық қауымдастықтың өкілдері - ағылшын тілі мұғалімдері мен спорт саласының мамандары да келді.

Қонақ сонымен қатар шетелдегі нигериялық жастар үшін көшбасшылық, мақсатқа жетелейтін табандылық пен стратегиялық ойлаудың маңызын атап өтті:

«Нигериялық ретінде, өз елін лайықты түрде таныстырып жүрген жерлестерімді көріп, мақтанамын. Дәл осындай үлгі көрсетуге тиіссіздер. Бұл - өзіңізге деген құрмет. Қай жерде жүрсеңіз де, кімнің ұлы мен қызы екеніңізді ұмытпаңыз. Істеп жатқан ісіңізге мұқият болыңыз. Нақты кәсіби жолыңызды айқындаңыз. Болашағыңыз үшін мықты стратегия құрыңыз», - деді йоруба халқының рухани көсемі.

Іс-шараға Қазақстан-Нигерия іскерлік кеңесінің өкілдері, Нигерия Федеративтік Республикасының Елшілігінің өкілдері, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Алжир мен Нигериядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ануарбек Ахметов мырза қатысты.

Қазіргі Нигерия аумағында орналасқан Ифе патшалығы өз бай тарихы және мәдени мұрасымен танымал. Африкадағы ең көне патшалықтардың бірі саналатын Ифе - йоруба халқының ата-баба жері және африкалық өркениеттің ежелгі орталықтарының бірі болып табылады.

Ұқсас жаңалықтар