9 қыркүйек 2025
Осы мақаламен бөлісіңізЖыл сайын өтетін Жер туралы ғылымдар халықаралық олимпиадасы (IESO) бүкіл әлемнің геологияға, географияға, метеорологияға, океанологияға және экологияға қызығатын оқушыларын бір алаңға жинайды.
Биыл бұл дода 7–16 тамыз күндері Қытайдың Цзинин қаласында ұйымдастырылды.
22 ақпанда Nazarbayev University базасында IESO 2025 ұлттық іріктеу кезеңі өтті. Оның қорытындысы бойынша Қазақстанды халықаралық деңгейде таныстырған оқушылар анықталды.
Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебі (SMG) профессоры Джордж Мэтьюс іріктеу тапсырмаларын дайындап, қатысушылармен сұқбат жүргізіп, дайындық барысында оларға ғылыми-әдістемелік қолдау көрсетті. Ұлттық кезеңнің жеңімпаздары – Алина Айтжанова, Әлнұр Тұрсынханов, Ақжол Болат және Надира Атымтай. Халықаралық додада олар екі алтын және бес қола медальға ие болды.
18 тамыз күні индустрия және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев олимпиада жүлдегерлерімен кездесіп, жас геологтардың жетістігі – тек олардың ғана емес, ұстаздарының да еңбегінің жемісі екенін атап өтті.
Оқушылар SMG профессорларының жетекшілігімен қарқынды дайындықтан өтті. Мамандар минералогия, петрология (магмалық, метаморфтық және шөгінді жыныстар), құрылымдық геология, геологиялық қауіптер және басқа да пәндер бойынша дәрістер мен практикалық сабақтар өткізді. Онлайн және офлайн форматтағы аралас оқыту барысында тектоника, магма түзілу процестері, қазба қалдықтары, жанартаулар, өзендер, топырақ, тіпті Күн жүйесінің геологиясы секілді кең ауқымды тақырыптар қамтылды.
Айта кетейік, жүлдегерлердің екеуі – Алина Айтжанова мен Ақжол Болат – биыл мектепті тәмамдап, білімін жалғастыру үшін Nazarbayev University-ді таңдады.