13 маусым 2024
Осы мақаламен бөлісіңізТараптар спорт ғылымы мен білім саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Қазақстанның Ұлттық олимпиадалық комитетінің (Қазақстан ҰОК) бас хатшысы Жанар Өтешева мен NU-дың вице-президенті, Медицина мектебінің деканы Массимо Пиньятелли Спорт саласындағы ғылым мен білім берудегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Тараптар ең нәтижелі спорт түрлерін тұрақты түрде дамытуға, сондай-ақ дене шынықтыру мәдениетін және спортпен айналысу деңгейін арттыруға бағытталған стратегиялық әріптестік туралы уағдаласты. Бұл жоба спорт саласындағы ғалымдарының, жаттықтырушылардың, спортшылардың, спорттық медицина мамандарының және әкімшілік қызметкерлердің келесі буынын халықаралық стандарттарға сәйкес етіп дайындауға мүмкіндік береді.
Профессор Массимо Пиньятелли университеттің осы жобаны жүзеге асыруға дайын екенін атап өтті. "Ұлттық олимпиадалық комитетпен күш біріктіру – біз үшін үлкен мәртебе. Университетіміз спортшылардың денсаулығын қорғауға, жарақаттардың алдын алуға және олардың спорттағы көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған білім беру және зерттеу жұмыстарымен айналысады. Бұл серіктестік бізге спортшылар кезігетін нақты мәселелерді шешуге ғылыми біліміміз бен инновациялық тәсілдерді қолдануға мүмкіндік береді", — деді ол.
Сонымен қатар доктор Пиньятелли спорттық медицина және оңалту бағдарламасы бойынша білім алатын магистранттарды оқытатын профессорлар халықаралық деңгейде танылғанын айтты. "Олар спорт ғылымдары, кардиология, эпигенетика, тамақтану, биомеханика, психология және оңалту кезінде пайдаланылатын робототехника бойынша зерттеулер жүргізеді, сондай-ақ ғылыми негізделген спортшыларға күтім жасау стратегияларын әзірлейді. Қазақстан ҰОК-пен бірлесіп, біз спорт ғылымдары және физиотерапия бойынша қос дипломдық бакалавр бағдарламасын іске қосуға, сондай-ақ жаттықтырушылар, нұсқаушылар мен спортшылар үшін үздік сауықтыру мен тиімділік практикалары бойынша микро-кредиттік курстарды енгізуге дайынбыз".
Өз кезегінде Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешева комитеттің университетпен бұрыннан бері ынтымақтастықта екенін еске салды.
“ҰОК басшысы Геннадий Геннадьевич бастапқыда бізге құр сөйлеу емес, нақты іс тындырып, нәтижелерге жету міндетін қойды, бұл ретте университет басшылығымен біздің көзқарастарымыз ұқсас. Келісімге бүгін ғана қол қойылғанына қарамастан, жұмыс наурыз айындағы Пиньятелли мырзамен кездесуден кейін бірден басталып кеткен. Сегіз студент төрт ұлттық федерацияда тәжірибеден сәтті өтіп, құрама командалардың спортшыларымен жұмыс істеп жатыр. Университет қызметкерлері спорттық медицина және оңалту саласындағы ғылыми зерттеулер бағытында жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ жоспарда спортшылар мен жаттықтырушыларды дамытуға бағытталған білім беру саласындағы жобалар бар”, — деді Қазақстан ҰОК бас хатшысы Жанар Өтешева. Ол сондай-ақ NU басшылығына осындай ниет білдіріп, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
Тараптар қазақстандық спортшылардың әлемдік жарыстарға қатысу көрсеткішін жақсартуға, олардың тиімділігін және жоғары нәтижелерге қол жеткізулеріне ықпал ету үшін NU кампусында бірлескен ғылыми конференциялар, симпозиумдар мен шеберлік сыныптарын өткізуге ниетті.