5 тамыз 2024
Осы мақаламен бөлісіңізГерманиядағы Дрезден технологиялық университеті мен Ганновердегі ғылыми-техникалық гидрология институтының ғалымдары NU-да TERESA жобасының нәтижелерін таныстырды.
Олар қазақстандық әріптестермен бірігіп су тасқыны қаупін азайту және тұрғындардың ауыз суға қажеттілігін реттеу үшін Астананың су ресурстарын тұрақты басқару бойынша шешімдер әзірледі. «Қалалық су ресурстарын басқару: қазақстандық қалалар үшін неміс тәжірибесі» TERESA бірлескен неміс-қазақ жобасы аясында жұргізілген зерттеулер Германия Федералдық Білім және зерттеулер министрлігінің (BMBF) 2021-2024 жылдарға бөлінген грантымен жүзеге асырылды. Енді алдағы ынтымақтастық аясында технологияларды астаналық климаттың нақты жағдайында сынақтан өткізу жоспарлануда. Бұл туралы NU-да өткен семинарда ғалымдар хабарлады. Жобаның жалпы мақсаты урбанизация мен климаттың өзгеруінің жергілікті су айналымына әсерін азайту үшін жер үсті суларының табиғи сақталуы мен инфильтрациясының моделін жасау болды.

Семинарға Дрезден технологиялық университетінің INOWAS зерттеу тобының жетекшісі Стефан Каталин, Ғылыми- техникалық гидрология институтының бас директоры Лотар Фукс, осы институтының инженері Катарина Фукс және Дрезден технологиялық университетінің PhD докторанты Нұрлан Оңдас қатысты.
«Астананың аумағы 20 жылда фантастикалық түрде кеңейді және осы кеңею арқылы ауыз сумен қамтамасыз ету, жер үсті суларын басқару сияқты көптеген мәселелер туындады. Астана әлемдегі ең суық екінші елорда мәртебесіне ие. Жауын-шашынның басым бөлігі жыл бойына түсетініне қарамастан, көктемде судың көп болуы, ал жазда ауыз судың тапшылығы ерекше жағдай туындайды. Сондықтан, жобаның негізгі мақсаттарының бірі суды жинау, үнемдеу және сақтау, сонымен қатар әрі қарай әртүрлі мақсаттарда пайдаланудың шешімін табу болды», - деді INOWAS зерттеу тобының жетекшісі Стефан Каталин.
.jpg)
Неміс ғалымдары жаңбыр суының ағынын азайтуға және жер асты суларының толтырылуын арттыруға көмектесетін көп функциялы шешімдерді ұсынып отыр. Сандық модельдеу құралдарын пайдалана отырып, ғалымдар ұзақ уақыт бойы бүкіл әлем бойынша қолданылатын тұрақты кәріз (SUDS) және жерасты су өткізу жолдары (MAR) жүйелерін қалай еңгізуге болатынын түсінуге тырысты.
«Біз қаланың су балансын түсіну үшін әртүрлі үлгілерді сынақтан өткіздік және қаланың төтенше жағдайларға төзімділігін ескере отырып, оны басқару шешімдерін әзірледік. Бұл сценарийлер биліктің қаланы дамыту жоспарларын және су балансын сақтау үшін біз ұсынған «көк-жасыл» инфрақұрылымды ескереді. «Көк-жасыл» инфрақұрылым – бұл су балансын сақтауға арналған «жасыл» аймақтар мен қаланың әртүрлі бөліктеріндегі суды жазда қолжетімді етіп сақтауға арналған «көгілдір» инфрақұрылымның жиынтығы. Біздің модельдеуіміз жаңбыр суының жартысына жуығын үнемдеуге болатынын көрсетті. Біз оны ағынды су емес, ресурс дейміз. Жер бетіне жақын орналасқан жер асты суларының реакциясын зерттей отырып, біз оның көтерілу қаупінің жоқтығына да көз жеткіздік», - деп түсіндірді доктор Каталин.

Жобаны жүзеге асыруға NU ғалымдары – постдокторанттар мен NU Тау-кен және Жер туралы ғылымдар мектебінің студенттері көмектесті. Сынақтар университет аумағында орналасқан тәжірибе алаңында жүргізілді. Мұнда әртүрлі жауын-шашын сценарийлері бойынша жер асты суларына сынақтар мен мониторинг жүргізілді.
«Біздің студенттеріміз кейбір зерттеулерді жүргізді. Олар жауын-шашынның әртүрлі сценарийлерін және олардың біздің аумаққа әсерін модельдеуде өте маңызды гидрогеологиялық аспектілерді зерттеді. NU табиғи процестер жүретін көлдер тобының Кіші Талдыкөл аумағына жақын орналасқан, оны жоспарлау кезінде ескеру қажет. Белсенді дамып келе жатқан қалаға жақын болу да маңызды», деді NU Тау-кен және Жер туралы ғылымдар мектебінің постдокторанты Маржан Байғалиева.
.jpg)
Жер үсті және жер асты суларын кешенді басқаруды қажет ететін Елорда үшін жобаның маңызы зор. Болашақта қатты жауын-шашынмен байланысты тұрақты проблемаларды азайту үшін Астанадағы су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдерін біріктіру қажет. Ғалымның айтуынша, мүмкін неміс шешімдері бұған көмектеседі.
«Германиядан келген әріптестер қалалық дизайн үшін жасыл шешімдер ұсынады. Олар не береді? Неміс шешімдері қар еріген кезде суды сақтауға көмектеседі. Бұл шешімдер жиынтығы жасыл шатырларды, арнайы жасыл кеңістіктерді және аумақтың топографиясына негізделген суды ұстап тұру үшін арнайы материалдармен жабдықталған траншеяларды (немесе арықтарды) қамтиды. Қазір жобаның неміс бөлігі аяқталды, біз NU-да неміс ғалымдарымен бірлесе отырып, бұл жобаны жалғастырып, насихаттап, жүзеге асырғымыз келеді», – деп түсіндірді ғалым.
Алдағы жылдары жер асты суларының өзгерістері мен метеорологиялық деректер бойынша бақылаулар мен мәліметтерді жинау жалғасады. NU ғалымдары неміс жүйесін нақты қала жағдайында сынау үшін Астананың сол жағалауында бірнеше учаскені қарастыруда. Маржан Байғалиева жобаны коммерцияландыру үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі, сондай-ақ Астана қаласы әкімдігінің қолдауы қажет болуы мүмкін деп санайды.